Бельгия Өзбекстанға Каримова ісі бойынша тәркіленген активтердің бір бөлігін қайтарады
Бельгия билігі Өзбекстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға қатысты іс бойынша тәркіленген активтердің бір бөлігін Өзбекстанға қайтаруға шешім қабылдады. Брюссельдің бас прокуроры активтерді басқару және тәркілеу жөніндегі орталық агенттікке $108 миллионды Бельгияның мемлекеттік қазынасынан Өзбекстанға аударуды сұрап ресми өтініш жолдады.
Ресми құжаттарда нақты есімдер аталмаса да, ақпарат көздері бұл істің Каримоваға қатысты екенін растайды. Ол телекоммуникация нарығына қолжеткізу үшін шетелдік компаниялардан пара алып, кейін бұл қаржыны офшорлық жүйелер арқылы заңдастырған деп айыпталған.
Бельгиядағы тергеу Өзбекстан тарапының сұрауы бойынша, БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы негізінде басталған. Өзбекстан Әділет министрлігінің мәліметінше, бастапқыда $240 миллионға жуық қаражат туралы сөз болған, алайда тергеу нәтижесінде $200 миллион шамасында активтер бұғатталған.
Сот тәркіленген қаражат пен оған есептелген пайыздарды екі ел арасында бөлуге шешім шығарды. Осы шешімге сәйкес Өзбекстан $108 миллион алады. Қаражаттар 2022 жылы тәркіленген активтерді ашық қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында құрылған Uzbekistan Vision 2030 халықаралық сенім қорына аударылады.
Бұл қайтару процесі Өзбекстанның басқа елдермен бұрын қол жеткізген келісімдерін толықтырады. Мысалы, Швейцариямен бірге $182 миллионды қайтару туралы келісім жасалған. Сонымен қатар АҚШ-пен тағы $60 миллионға қатысты келіссөздер жүргізілуде.
Гүлнара Каримоваға қатысты тергеу 2012 жылы басталып, ауқымды парақорлық схемаларын қамтыған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол TeliaSonera, Vimpelcom, Alfa Telecom және МТС секілді ірі телеком-компаниялардан пара алып, бұл қаражатты шетелде офшорлар арқылы заңдастырған.
Бақылаушылар Бельгияның бұл әрекетін ЕО мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жандануымен байланыстырады. Самарқандта өткен «ЕО — Орталық Азия» саммиті және Еуропалық инвестициялық банктің Ташкенттегі кеңсесінің ашылуы аясында Брюссельдің бұл қадамы аймақ елдерімен саяси және экономикалық серіктестікті нығайту стратегиясының бір бөлігі болуы мүмкін.
Редакция басқа көздерден алынған, жіберілген немесе алынған материалдардың мазмұны мен дұрыстығына жауапты емес. Мұндай материалдарды жариялау тек ақпараттық мақсаттарға арналған және олардың мазмұнын автоматты түрде растауды немесе мақұлдауды білдірмейді.