Халық банкке – 100 жыл: Қазақстанның қаржы саласындағы алпауыт

қараша 13, 2024 - 16:30
қараша 18, 2024 - 10:03
 0  8120
Халық банкке – 100 жыл: Қазақстанның қаржы саласындағы алпауыт
Фото взято из открытых источников

2023 жылы Қазақстандағы ең ірі және ең ескі банктердің бірі Халық банк өз қызметінің 100 жылдығын атап өтті. Осы жылдар бойы банк ел экономикасының түрлі кезеңдерін бастан өткеріп, қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Бүгін біз банк тарихына көз жүгіртіп, оның дамуының негізгі кезеңдерін талқылаймыз.

 

Халық банкінің тарихы 1923 жылы, Кеңес Одағы кезінде, Қазақстанның жұмысшылары мен шаруалары үшін жинақ кассасы ретінде құрылуынан басталады. Алғашында банк халықтың қарапайым жинақ ақшаларын сақтап, несие берумен айналысты. Сол замандағы экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, банк халықтың сеніміне ие болды. 

 

Кеңес Одағының ыдырауы және Қазақстанның тәуелсіздік алуы:1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, Халық банкі экономиканың жаңа нарықтық талаптарына бейімделуге мәжбүр болды. Кеңес Одағы кезінде мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істеген банк енді өзіндік даму стратегиясын айқындап, нарықтық реформаларды жүзеге асыруға кірісті. Осы кезде банк жаңғырту жұмыстарын бастап, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге көшті. 

 Жеке меншікке көшу және стратегиялық даму:2001 жылы банк толықтай жекешелендіріліп, өзінің даму стратегиясын дербес анықтай бастады. Бұл кезеңде банк ауқымды модернизация жұмыстарын жүргізіп, еліміздегі ірі қаржы ұйымдарының біріне айналды. Халық банкінің әр түрлі қаржылық өнімдерді ұсынуы және инновациялық технологияларды енгізуі оны нарықтағы жетекші орынға жеткізді.

Қазіргі таңдағы жетістіктер және болашаққа бағыт:Бүгінгі күні Халық банкі – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде белсенді жұмыс атқарып жатқан қаржы тобы. Банк әр түрлі қаржылық қызметтер спектрін, соның ішінде ипотека, жеке және корпоративтік несиелендіру, инвестициялық қызметтер мен сақтандыру қызметтерін ұсынады. Цифрландыру және инновацияларға баса назар аудара отырып, банк онлайн және мобильдік банкинг қызметтерін дамытты. 

 

100 жылдық мерейтойында банк "100 игі іс" ауқымды жобасын іске қосып, сенім білдірген барша қазақстандықтарға алғысын білдіруде. Осылайша, Halyk осыдан он шақты жыл бұрын қалыптасқан туған күнді халықпен бірге тойлау дәстүрін жалғастыруда. Жоба аясында банк еліміздің барлық аймақтарында білім, экология, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында бірқатар бастамаларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, банк балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында спортты дамыту мақсатында "Халық лигасына” қолдау көрсетіп, Астана мен Алматы қалаларында әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлерін толық газбен қамту жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек, Amanat партиясымен бірлесіп, алғаш рет еліміздің 8 облысындағы шалғай ауылдардың тұрғындарын жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытуды қолға алды. Бұл – Halyk-тың атқарып жатқан үлкен әлеуметтік миссиясының аз ғана бөлігі. 2020 жылдан бері банк "Халық" қайырымдылық қорымен серіктестікте әлеуметтік бағдарламаларға 63 млрд теңге бөлген.   

 

Халық банкінің 100 жылдық тарихы – бұл Қазақстанның экономикалық дамуының айнасы іспеттес. Елдің қиын-қыстау кезеңдерінен аман өтіп, заман талабына сай өзгеріп, банк бүгінгі таңда экономиканың қозғаушы күші болуда. Алдағы уақытта да банк өзінің даму стратегиясын жүзеге асырып, қаржы нарығындағы жетекші орнын сақтайды деген сенімдеміз.  

 

Халық банкке – 100 жыл толуы құтты болсын!

         Мақала авторы:Насир Айшагул

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті. "Филология" факультеті журналистика мамандығының 3 курс студенті.

Жетекшісі:Жамашева Жанар

Редакция басқа көздерден алынған, жіберілген немесе алынған материалдардың мазмұны мен дұрыстығына жауапты емес. Мұндай материалдарды жариялау тек ақпараттық мақсаттарға арналған және олардың мазмұнын автоматты түрде растауды немесе мақұлдауды білдірмейді.

Енді сіз біздің жаңалықтарды тікелей WhatsApp арқылы ала аласыз! Осы танымал мессенджердегі арнамызға жазылыңыз және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Ayshagul Nasyr Student ЮКГУ